© 2026 BINOM SCHOOL
Атыраудағы әл-Фараби атындағы BINOM мектебінде ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар мен олардың ата-аналары үшін инклюзивті білім беру саласындағы үздік спикерлердің қатысуымен «BINOM SCHOOL – тең мүмкіндіктер әлемі» атты бірегей шара өтті.
Ашық есік күніне Ақтөбе облысы білім беру ұйымдарының басшылары, Астана және Атырау мектептерінің ұстаздары, BINOM мектептерінің оқушылары мен ата-аналары қатысты. Келген қонақтарға мектептерімізде білім алатын ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларымызбен жасалатын жұмыстар таныстырылып, олардың жетістіктері жұртшылық назарына ұсынылды, ал инклюзивті білім беру, психология және балаларды дамыту саласындағы жетекші спикерлер мен сарапшылар өз тәжірибесімен бөлісті.
– BINOM мектептерінің концепциясы жасақталған кезде бұл мектептер міндетті түрде инклюзивті болуы тиіс деген шешім қабылданды. Осылайша Астанадағы алты мектебіміз бен Атыраудағы екі BINOM оқуда ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін де есігін айқара ашты. Бүгін ұстаздарымыздың бөлісетін «лайфхактары» – бұл олардың мектеп ашылуынан бері, нақтырақ айтқанда, алты айда ғана жинаған тәжірибесінің көрінісі. Сол себепті қазіргі таңда біз үшін ең маңыздысы – ата-аналардың ұстаздарды риясыз қолдауы. Мен кезінде Орал қаласындағы есту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының директоры қызметін атқардым. Сол кезде ана ретінде, әйел ретінде, маман ретінде түсінгенім: жағдайды мойындау керек, бірақ та мойымау керек. Мыңдаған шақырымдық жол алғашқы қадамнан басталады. Сол себепті алға ғана ұмтылуды көздеуіміз қажет. Сол жолда бір-бірімізді қолдауымыз керек, – деді шараны ашқан «Білім Болашағы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Қадырова.
Сонымен қатар кездесуде әркім өзі үшін қызықты да пайдалы шеберлік сабақтарына қатысты. Шара барысында ұстаздар мен оқушылар іс-шара қатысушыларына «Сезіміңді сурет арқылы жеткіз» арт-терапиясын, Coocking club-та «Дәмді әрі тез» шеберлік сыныбын, спортазалдарда емдік дене шынықтыру және бейімделген дене тәрбиесі бойынша жаттығуларды, қолөнер бұйымдарын әзірлеу шеберханасында сабақтар мен хореография залында логоритмика бойынша шеберлік сағаттарын өткізді.
BINOM SCHOOL | 2026