© 2026 BINOM SCHOOL


Атырау қаласында педагогтердің кәсіби дамуына тың серпін беретін Atyrau Teachers’ Summit өз жұмысын бастады. «Білім беру саласындағы синергия: педагогика, психология, менеджмент» тақырыбындағы ауқымды іс-шара «Білім болашағы» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен М. Асаубаева атындағы креатив орталығында өтті. Саммит BINOM мектептер желісінің орта білім сапасын арттыру және кәсіби педагогикалық қауымдастықты дамыту бастамасы аясында ұйымдастырылды.
Мұғалім, оқушы және ата-ана арасындағы өзара байланыс әрдайым берік әрі жүйелі болуы тиіс. Осыны негізге ала отырып, саммит барысында осы үш тараптың ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған өзекті мәселелер кеңінен талқыланып жатыр. Осындай мазмұнды іс-шаралардың маңызы ерекше, деді іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген білім басқармасы басшысының орынбасары Лаура Меңдіғалиева.
– Білім беру жүйесі бір бағытпен шектелетін сала емес, ол педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуын талап етеді. Бұл жерде тек оқыту мен тәрбие ғана емес, оқушылардың психо-эмоционалдық жай-күйі, қоғаммен қарым-қатынасы және болашақты жоспарлау дағдылары да ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда, мұғалімдердің кәсіби өсуіне мүмкіндік беретін мұндай іс-шаралардың рөлі зор. Саммит жұмысына табыс тілеймін, – деді Л. Меңдіғалиева.
Алғашқы күннің қорытындысы жоғары деңгейде өтті: саммит қатысушылар тарапынан ерекше ықыласпен қабылданып, мазмұнды пікір алмасу алаңына айналды. Ұстаздар білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылады. Қазақстанмен қатар Нидерланд, Эстония және Сингапур елдерінен келген спикерлер өз тәжірибелерімен бөлісті.
– Алғашқы екі жылда Саммитке 600 педагогтен қатысты. Ал биыл халықаралық деңгейде ұйымдастырылып отырған іс-шараға 750 мұғалім жиналып отыр. Саммит аясында сарапшылар өздерінің маңызды кейстерімен бөлісіп, тәжірибелік тәсілдерін ұсынады. Осы екі күнді кәсіби дамуға арнап, жаңа білім мен тың идеяларға ашық болуға шақырамыз. Бағдарлама аясында 12 бағыт бойынша секциялық жұмыстар жүргізіліп, 17 спикер өз баяндамаларын ұсынады. Сонымен қатар педагогтер үшін 44 шеберлік сабағы әзірленген. Бұл сабақтар күнделікті тәжірибеде табысты нәтиже көрсетіп жүрген BINOM ұстаздарының нақты практикалық жұмысына негізделген, – деді «Білім Болашағы» ҚҚ атқарушы директоры Шолпан Қадырова.
Пленарлық отырыстар мен сараптамалық сессияларда заманауи оқыту әдістері, функционалдық сауаттылықты дамыту, эмоционалдық интеллект, оқушыларды қолдау, мектеп пен ата-ана арасындағы тиімді байланыс, сондай-ақ білім беру ұйымдарын басқару және стратегиялық даму мәселелері кеңінен қамтылды.
Саммиттің екінші күні де белсенді форматта жалғасуда. Бүгінде жоспарлау кезеңі артта қалып, қатысушылар тәжірибелік жұмысқа кірісті. Қазіргі уақытта түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтары өткізіліп жатыр, оларға 750-ден астам педагог қамтылған. Бұл формат қатысушыларға теориялық білімді нақты тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Atyrau Teachers’ Summit білім беру саласындағы үздік тәжірибелерді біріктіретін, кәсіби қауымдастықты нығайтатын және жаңа серіктестіктерге жол ашатын маңызды алаң ретінде өз маңызын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
BINOM SCHOOL | 2026