Atyrau Teachers’ Summit – ұстаздар үшін теңдесі жоқ мүмкіндік

27-28 наурыз күндері «Білім Болашағы» қоғамдық қоры мен BINOM SCHOOL мектептерінің ұйымдастырған «Ата-ана мен мектептің мейірімді әлемі» тақырыбында Atyrau Teachers’ Summit-2025 шарасы өтті. Оған Атырау өңірі мен Астана қаласының 600 ұстазы қатысты.
Саммиттің тақырыбы мектеп пен ата-аналардың бала тәрбиесіндегі ынтымақтастығына арналды. Осы тақырып аясында үздік идеялар мен тәжірибелерді талқылау үшін Атырауға шетелдің (ESHA – еуропалық мектеп басшылары қауымдастығы өкілдері) және еліміздің 30-ға жуық мықты спикері арнайы шақырылды.

Олардың ішінде European Parents International Association төрағасы Eszter Salamon мен сарапшы-тренері Yudit Anna Horgas, «Knowledge Engineering» компаниясының негізін қалаушы және жетекшісі Нартай Әшім, География» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасы авторы, жалпы білім беретін мектептерге арналған география бойынша мектеп оқулықтарының авторы Руслан Қаратабанов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Білім беру бағдарламалары орталығының сарапшысы Қаламқас Байтенова, «Қазақ психологиялық қоғамы» РҚҚ вице-президенті, психология ғылымдарының докторы Ақмарал Давлатова, Ustart.Academy жобасының жетекшісі Құралай Байтажикова, «ADS Business Group» компаниясының негізін қалаушы, бизнес-тренер, сарапшы-практик Арман Ақбердиев, «Зерделі» білім беру орталығының директоры Асқар Сыздықов, бизнес-консультант, AlmaU жоғары бизнес мектебінің тренері, коуч, PMI мүшесі Тимур Қалдыбаев, «HR+» психологиялық педагогикалық мониторингтің автоматтандырылған жүйесінің авторы Рашит Белгібаев, Казнаковка шағын жинақты мектебінің директоры Аралбек Берікұлы және т.б.өз ісінің мамандары бар.

Іс-шара барысында арнайы шақырылған сарапшылар педагог-практиктермен бірге ата-аналарды бірлескен оқу-тәрбие қызметіне араластыру, ата-аналармен жұмыстың тәрбиелік әлеуетін арттыру, білім алушылар арасында буллинг пен суицидтің алдын алу, оқушылардың эмоциялық интеллектісін және функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған әртүрлі әдіс-тәсілдерді қарастырды.

– Ауқымды жұмыс атқарылды. Барлығы 146 шеберлік сағат пен 200-ға жуық тыңдаушыны қамтыған Open Day, Workshop-тар, «Асыл жүрек» конференциясы – осының бәрі Atyrau Teachers’ Summit-тің жоғары деңгейде өтуіне негіз болды. Алты бойғы жұмыстың нәтижесі ретінде өткен бұл іс-шара өңір педагогтерінің кәсіби дамуына, ол арқылы өңірдің орта білім беру сапасын арттыруға үлес қосатыны сөзсіз, – деді өз сөзінде «Білім Болашағы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Шолпан Қадырова.

BINOM SCHOOL | 2026