© 2026 BINOM SCHOOL
Астана қаласында өткен аптада Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында көпшіліктің асыға күткен B-FEST таланттар фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Бұл шарада BINOM SCHOOL оқушылары әлемдік және отандық үздік мюзиклдерді қазақ тілінде сахналап, көрермендерді шексіз шабытқа бөледі.
Фестивальдің басты ерекшелігі — оның тек шығармашылық емес, сонымен қатар ғылым, спорт, әлеуметтік және зияткерлік бағыттарды қамтитын кешенді платформа болуы. Оқушылар B-DREAM PROJECT, B-ART, B-SPORT, B-Social және B-BOOKMAN атты бес бағыт бойынша өз өнерлерін көрсетті. Астана мен Атырау қалаларындағы BINOM SCHOOL мектептерінен барлығы 23 258 оқушы қатысқан бұл ауқымды шарада 10 мыңнан астам оқушы B-BOOKMAN бағытына, ал 7 мыңға жуық оқушы B-SPORT бағытына қатысып, өз бақтарын сынады.
B-DREAM PROJECT аясында оқушылар ғылыми жобалар мен робототехника саласындағы тың жаңалықтарын таныстырды. Ал B-ART бағытында оқушылар “Холодное сердце”, “Үздік шоумен”, “Chicago”, “Moana”, “Cats”, “West Side Story”, “Rent (Богема)”, “Romeo and Juliet” секілді әлемге әйгілі мюзиклдерді қазақ тілінде сахналап, шеберліктерін паш етті.
Спорт сүйер қауым үшін B-SPORT бағыты тоғызқұмалақ, футбол, волейбол, үстел теннисі, қазақша күрес сынды жарыстарды қамтыды. Ал B-Social бағытында оқушылар өздерінің әлеуметтік жобаларын бейнероликтер арқылы ұсынды. Биыл бұл аталымда Бас жүлдені А.Байтұрсынов атындағы BINOM мектебінің оқушылары жеңіп алды.
Сондай-ақ жылдам оқу, функционалды оқу, шешендік өнер мен актерлік шеберлік бойынша өткізілген сайыстар B-BOOKMAN бағытының басты мазмұнын құрады.
Фестивальдің қорытындысы бойынша жеңімпаздарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Марапаттау рәсіміне танымал мәдениет және ғылым қайраткерлері, стартап-кәсіпкерлер, қоғам белсенділері, инноваторлар қатысты. Фестивальдің Бас кубогін Әбіш Кекілбаев атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейі жеңіп алды.
B-FEST – бұл тек байқау ғана емес, оқушылардың ішкі әлеуетін ашуға, қабілеттерін дамытуға, өзіне деген сенімділігін арттыруға бағытталған үлкен мүмкіндік. Айта кетейік, фестиваль жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.







BINOM SCHOOL | 2026