BINOM WORKSHOP: тиімді команда – табысты мектеп

Атыраулық BINOM SCHOOL мектептері «Оқушылардың эмоциялық интеллектісін және ұжымда жұмыс жасау дағдыларын дамыту тәсілдері» атты облыстық workshop өткізді. Оған өңірдің 200-ге жуық педагогі қатысты.

Іс-шара Атырау облысы Білім беру басқармасы мен BINOM SCHOOL мектептер желісінің бірлескен жобасы шеңберінде өтті. Бұл жолғы workshop – жоспар бойынша өтіп жатқан үшінші іс-шара.
Эмоциялық интеллект, ұжымда тиімді коммуникация құра білу дағдысы өзгермелі әлемдегі табысқа жету құралы есебінде белгілі. Эмоциялық интеллект компоненттерін, стресті басқарудың тиімді әдістерін және коммуникация дағдыларын зерттеу арқылы эмоциялық тұрақтылықты қалыптастыру және дамыту – білім алушылардың жеке және кәсіби өмірін жақсартуына ықпалын тигізеді.

Workshop-қа шақырылған қазақстандық білім беру саласының сарапшылары мен педагогтер сыныпта жағымды ортаны құруға, оқушылардың эмоциялық интеллектісін және әлеуметтік өзара әрекеттесу дағдыларын дамытуға арналған практикалық құралдарды қарастырды.
Пленарлық мәжілісте эмоциялық интеллектті дамыту бойынша (EACEIP) сертификатталған жаттықтырушы, тиімді байланыс бойынша Professional in human resources-тің бизнес-жаттықтырушысы, астаналық Асель Муратова, Ы.Алтынсарин атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің директоры Берікболсын Кемелбек, астаналық педагогтер Жандос Арапов, Гаухар Абдикаликова және атыраулық БИНОМ мектептерінің көшбасшы педагогтері тақырып төңірегінде маңызды зерттеулерімен, мазмұнды баяндамаларымен таныстырды.

Іс-шараның екінші бөлімінде тиімділігі жоғары команда құру, оқушылардың эмоциялық интеллектісін және ұжымда жұмыс жасау дағдыларын дамыту тәсілдері, ата-ананың белсенділігі мен сыныптан тыс жұмыстар арқылы тәрбиелік ықпалды арттыру, т.б. үздік отандық және шетелдік педагогикалық тәжірибелерге негізделген шеберлік сыныптары өтті.
Оқушылардың эмоциялық интеллектісін, функционалды сауаттылығын дамыту бағытындағы іс-шаралар бұл workshop-пен шектелмейді, бірлескен жоба аясында жыл бойына оқыту және педагогтерді сүйемелеу секілді әдістемелік жұмыстар жалғасады.
Бұл іс-шара облыс педагогтерінің кәсіби дамуына тың серпін беріп, сәйкесінше өңірдегі орта білімнің сапасын арттыруға септігін тигізетін ауқымды әрі нәтижелі жобалар қатарынан болды, дейді шараға қатысқан ұстаздар.

BINOM SCHOOL | 2026